Павлодар облысында ғасыр куәгері дауыс берді
99 жастағы соғыс ардагері Қайыр Хасенұлы өз таңдауын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының құрметті азаматы Қайыр Хасенұлы бүгінгі референдумға қатысып, үй жағдайында дауыс берді.
– Жас ұрпақтың кемел келешегі үшін өз таңдауымды жасадым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деп қария ыстық ықыласын білдірді.
Баянауыл ауданындағы жалғыз ҰОС ардагері Қайыр Хасенов 17 жасынан бастап Батыс майданында, Қиыр Шығыста соғысқан. Житомирде ауыр жараланып, аман қалады. Жауынгерлік жолы Маньчжурияда аяқталды. II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, Жуковтың, Германияны азат еткені үшін және т. б. медальдармен марапатталған. Үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген.