Павлодар облысында қандай анықтамалар цифрлық форматқа ауыстырылады?

Павлодар облысында қандай анықтамалар цифрлық форматқа ауыстырылады?
Фото: Константин Шелков

Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2025 жылдан бастап өңірде көрсетілген қызметтердің дұрыстығын растау үшін жаңа цифрлық құралдар енгізілген. Олар: алты таңбалы сервис коды, eGov порталының цифрлық құжаты және Face ID биометриялық сәйкестендіру жүйесі. Жыл басынан бері 1,8 миллионнан астам сәйкестендіру рәсімі жүргізіліп, медициналық қызметтердің жалған есепке алынуына тосқауыл қойылды.

Сонымен қатар, биылдан бастап 8 түрлі медициналық анықтама, 075/у, 026/у, 027/у, 073/у, 069/у, 052/у-2, 031/у және 038/у жыл соңына дейін еңбекке жарамсыздық парағы толық электронды форматқа ауыстырылып, тағы 3 анықтама – 037/у, 076/у және 028/у цифрландырылмақ.

– Қазіргі таңда еңбекке жарамсыздық парағы қағаз және электрондық түрде қатар беріледі. Азаматтардың келісімімен электронды нұсқасы тікелей тиісті ұйымдарға жолданады. Бұл халықтың уақытын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді, – деді Айжан Әкімбекова.

Биыл 7 айда облыста 1 миллион 116 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде 92 мыңнан астамы қашықтан көрсетілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы медициналық қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингтеу бөлімінің бас маманы Айжан Әкімбекованың айтуынша, өңірде Президент тапсырмасына сәйкес цифрландыру жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 

– Бұл бастамалардың басты мақсаты – халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайту және саланың ашықтығын қамтамасыз ету,– деді ол.

Облыстағы медициналық ұйымдар көрсететін 16 мемлекеттік қызметтің 99 пайызы электронды форматқа көшірілген. Сонымен бірге eGov Mobile қосымшасында іске қосылған E-Densaulyq бөлімі арқылы азаматтар дәрігерге жазылып, үйге шақырып немесе медициналық ұйымға тіркеле алады.

Маманның айтуынша, осындай цифрлық шешімдердің енгізілуі өңірде заманауи әрі тиімді медициналық орта қалыптастыруға жол ашуда.