Павлодар облысында қанша ата-ана балалары түнде қыдырғаны үшін айыппұл төледі?

Павлодар облысында қанша ата-ана балалары түнде қыдырғаны үшін айыппұл төледі?
Константин Шелковтың фотосы

Жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруі қылмыстық әрекетке жиі тартылуының себебі болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің майоры Арай Төлемісованың айтуынша, балалардың түнгі уақытта үйден тыс жүруі – олардың өміріне төнетін қауіптің де көзі. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 442-бабы бойынша ата-аналар мен мекеме иелеріне қатысты айыппұл көзделген. Осыған байланысты полиция рейдтерді тұрақты түрде жүргізеді.

ҚР заңнамасына сәйкес, 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін кәмелетке толмаған балаларға ата-анасыз немесе заңды өкілсіз көшеде, қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынған. Егер де бұл жағдай анықталса, бірінші рет ата-аналарға ескерту беріледі, ал тәртіп бұзушылық қайталанса, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Балалар түнгі уақытта ойын-сауық орындарында, кафе, компьютер клубтарында, түнгі мекемелерде жүрген жағдайда: ата-аналарға 3 АЕК, мекеме иесіне 10-20 АЕК аралығында айыппұл салынады.

Полицияның мәліметінше, түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдер жиі қылмыстық әрекеттерге тартылып немесе өздері қылмыс жасауы мүмкін, қауіпке ұшырап, құқық бұзушылықтың құрбаны болуы ықтимал. Осы жылы 1640 ата-ана жауапқа тартылды. 

–  Біздің мақсат – жазалау емес. Ең бастысы – баланы қорғау және бағыт беру, – дейді облыстық полиция департаментінің майоры Арай Төлемісова.

Жалпы әкімшілік жауапкершілік – 16 жастан бастап, аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда 14 жастан бастап жауапкершілік көзделеді, заңды бұзған баланы дұрыс жолға салу үшін алдымен мемлекеттік органдарға жүгіну ұсынылады.

–  Құрметті ата-аналар, баланың түнгі уақытта үйде болуы оның қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Көшеде, ойын-сауық орындарында жүруіне жол бермеңіз, – деді  Арай Төлемісова.

Тәртіп сақшылары ескертеді: бала – ата-ананың ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі.