Павлодарда Олжабай батыр көшесіндегі тұрғындардың мәселесі шешілмек
Шаһар басшысы тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы жолдаған шағымына жедел үн қатып, ауланы абаттандыру бойынша нақты мерзімдерді белгіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Хасар Хабылбеков Олжабай батыр көшесіндегі №13 үйдің тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштерді оқиға орнында талқылады. Кездесу барысында тараптар аула аумағын ретке келтіру, атап айтқанда, балалар ойын алаңын орнату, ескі ағаштарды кесу және автотұрақ аймағын реттеу мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Тұрғындармен өткен ашық диалог нәтижесінде бірлескен шешім қабылданды. Әкімнің айтуынша, қолайлы ауа райы орнасымен аулада жаңа ойын алаңын орнату және автотұрақ аймағын абаттандыру жұмыстары басталады.
Сонымен қатар қала басшысы жауапты қызметтерге алдағы екі апта ішінде ағаштарды қырқу жұмыстарын аяқтауды жүктеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолын салу мүмкіндігі де арнайы қарастырылатын болды.