Павлодар облысында үш ауданның әкімдеріне көмірге қатысты ауызша ескерту жасалды
Асайын Байханов өңір тұрғындары арасында көмірмен қамту бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, жаңа жылу беру маусымына 376 дербес қазандық дайындау жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 364-і дайын.
1220 әлеуметтік нысанның ішінде 546 білім беру нысаны 100% толығымен, 309 денсаулық сақтау нысанының 95%-ы, 365 әлеуметтік-мәдени нысанның 94% жылыту маусымына қамданған.
– Әлеуметтік сала объектілерінің қазандықтары үшін 220 мың тонна мөлшерінде қатты отын сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 13 мың тоннасы немесе 5,9%-ы әкелінді. Жылыту кезеңіне дайындық іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасады және басқарманың тұрақты бақылауында болады, – деді Ержан Иманзаипов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында.
Аймақ басшысы жазда әлеуметтік осал топтарды көмірмен қамту бойынша берілген тапсырма қалай орындалып жатқанын және нарықтағы көмірдің бағасын сұрады.
– Қазіргі таңда әлеуметтік жауапкершілік аясында көмір разрездерімен бірлесіп, меморандум жасалды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына «Богатырь Көмір» ЖШС – үш мың тонна, «Майкөбен-Вест» ЖШС бір мың тонна көмір тегін бөледі, – деді Ержан Иманзаипов.
Басқарма басшысы ұсынған мәлімет бойынша, разрезде бір тонна коммуналдық тұрмыстық көмірдің бағасы – 8300 теңге, «Майкөбен-Вест» ЖШС көмірінің тоннасы 13 мың теңгеден басталады. Қоймаларда көмір қоры жеткілікті. «ELITE KZ» ЖШС-де 13 мың тонна, «А-ВЕСТ» ЖШС-де 11 мың тонна көмір қоры бар. Әр қала мен ауданда құрылған жұмыс тобы қоймалар мен тұйықтарды тексеріп шыққан.
– Тұрғындардың арасында аталған мәселе бойынша ақпараттық жұмыс жүргізу керек. Әдетте күн суығанда ұзақ кезек пайда болады. Сондықтан көмірдің бағасын тұрақты бақылауда ұстау – басты міндет. Халықты көмірмен қамту бойынша қателіктерге жол берілмеуі тиіс. Әсіресе, тізімдегі ақпаратқа сәйкес, жұмыс қарқыны төмен Баянауыл, Шарбақты, Павлодар аудандарында қатаң бақылауға алу керек. Аталған үш ауданның әкімдеріне ауызша ескерту берілді, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы көмірді сатып алудың негізгі орындарының тізімі мен байланыс телефондарын жариялаған болатын.