Павлодар облысында үш мыңнан астам адам қазақ тілін үйренуге мүмкіндік алды

Павлодар облысында үш мыңнан астам адам қазақ тілін үйренуге мүмкіндік алды
Фото: Рустем Ануарбек

5 қыркүйектен бастап аймақ көлемінде «Қазақстан халқының тілдері күніне» арналған тілдер айлығы жарияланған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бір ай бойы облыс мектептерінде, балабақшаларында, кітапханаларында, мәдениет үйлерінде және түрлі мекемелерде іс-шаралар ұйымдастырылды. 

«Достық үйінде» айлықтың қорытындысы ретінде қыркүйек айының соңғы күнінде «Достық тілі – бірлік құралы» атты облыстық тілдер фестивалі өтті. Бұл дәстүрлі мерекелік шарада жыл бойы тілдердің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, түрлі этнос өкілдері өз өнерін ортаға салды. Концерттік бағдарлама қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өңірдің мәдени байлығын паш етті. 

– Фестивальдің басты мақсаты – өңірімізде тұратын әр этнос өкілінің ана тілін дамытуына жағдай жасау, сонымен қатар мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру. Осы мақсатта облыс бойынша жылына 70 миллионға жуық қаржы тілдерді оқытуға бөлініп отыр. Соның нәтижесінде жыл сайын үш мыңнан астам адам қазақ тілін тегін үйренуге мүмкіндік алады, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан. 

Ал Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова барша қауымды Қазақстан халқының тілдері күні мерекесімен құттықтап, тілдің ұлт бірлігіндегі ерекше рөлін атап өтті.

– Тіл – тәуелсіздіктің айғағы, ұлттық құндылығымыздың тірегі, елдігіміздің басты нышаны. Әрбір ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесі тіл арқылы өрнектеледі. Сондықтан да мемлекеттік тілді қастерлеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, қызметте және күнделікті қарым-қатынаста қолдануы арқылы ауызбіршілігімізді арттыра түсуде. Бұл елдің ынтымағы мен тұрақтылығының кепілі, – деді Айгүл Мәлікова.

Фестиваль барысында түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық өнерін көрсетіп, кітаптарымен таныстырды. Бұл – Қазақстанның көпэтносты қоғамдағы достық пен өзара сыйластықтың айқын дәлелі болды. Және де шара соңында Павлодар облысының тіл саясатының дамуына үлес қосқан жандар марапатталды. 

Қазақстан халқының тілдері күні – елдегі этностардың мәдениеті мен тіліне құрметтің айғағы. Осындай ауқымды шаралар мемлекеттік тілдің дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайта түсуде.