Павлодарда 200-ге жуық Ұлттық ұлан сарбазы әскери ант қабылдады
Әскери борышын өтеуге еліміздің әр өңірінен келген сарбаздар енді бір жыл бойы Павлодар қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде 200-ге жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады.
Салтанатты рәсімге әскери бөлімнің басшылығы мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының өкілдері және «Сарбаздар аналары» комитетінің мүшелері қатысты.
– Қазақстан халқына және оның заңды сайланған Президентіне соңғы демдерің қалғанша адал болуға, егемен еліміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға ант беру – әрбір әскери қызметші үшін аса маңызды сәт. Батыр бабаларымыздың ерлік пен елдік жолын лайықты жалғастыру – бүгінгі буынның міндеті, – деді әскери бөлім командирі, полковник Арман Пернеқұлов.
Командир жас сарбаздарға жауынгерлік қызметтеріне адал болып, әскери борыштарын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде сарбаздар «Отан қорғаушы» деген мәртебеге лайық болып, жүктелген жауынгерлік міндеттерді адал орындауға дайын екендерін айтты.
Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған жас жауынгерлер ант қабылдағанға дейін әскери дайындықтан өтіп, жауынгерлік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, әскери жарғыларды оқып үйренген.