Павлодар облысында ұландықтар су тасқынына қарсы бөгеттер жасауда

Павлодар облысында  ұландықтар  су тасқынына  қарсы бөгеттер жасауда
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Тілсіз жауға тосқауыл болу үшін Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің 50-ден астам сарбазы жұмылдырылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтоғай ауданына қарасты Шолақсор елді мекенінде өзен суы арнасынан асып,   секундына 50 кубометр жылдамдықта жолындағыны жайпап кету қаупі төнген.

– Ұландықтар жайылған  қызыл суды тежеу үшін дереу Ақтоғай ауданына аттанды. Қазіргі таңда олар ауыл  маңына таяған  қарғын суға қарсы  бөгеттер жасап, өзен арнасынан асқан суды саябырсытуға барын салып жатыр, –  деді баспасөз қызметінде.

Еске сала кетейік, өңірде су тасқынына қарсы сегіз учаске бақылауға алынды. Олар — Павлодар, Ақтоғай, Железин, Успен, Ертіс және Тереңкөл аудандары. Аталмыш іс-шараға қарсы 446 адам, 98  техника, 85 мотопомпа, екі жүзу құралы жұмылдырылды.

Облыстық мәслихаттың депутаттары, «Ауыл» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Болат Аманжолов, Саят Елгонденов және «Ауыл» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Айдын Сәрсенбай су тасқынынан зардап шеккен Успен ауданына аттанды.