Павлодар облысында еріктілер қозғалысының ауқымы кеңейіп келеді

Өңірде волонтерлер әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық жобаларды белсенді жүзеге асырып, мыңдаған тұрғынды қоғамдық жұмыстарға тартуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық волонтерлік желі өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларының жұмыс кездесуі барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалар таныстырылды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен жиында өңірлік волонтерлер фронт-офисінің бес айдағы жұмысы қорытындыланып, волонтерлік қозғалысты дамыту, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы, сондай-ақ азаматтарды еріктілік қызметке тартудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар волонтерліктің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөліне және 2026 жылға арналған жоспарларға ерекше назар аударды.

Кездесудің спикерлері ретінде Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк, сарапшы-талдаушы Татьяна Корешкова, Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы істері бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова және Павлодар облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Тамирис Бесеенова сөз сөйледі.

Жыл басынан бері өңір еріктілері 100-ден астам іс-шара өткізіп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты.

Фронт-офистің жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, әлеуметтік, экологиялық, инклюзивті, оқиғалық және жануарларға көмек көрсету волонтерлігі, сондай-ақ спорт, салауатты өмір салтын насихаттау және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету жобалары жүзеге асырылуда.

Ең белсенді бағыттардың бірі – экологиялық волонтерлік. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында еріктілер сенбіліктерге қатысып, қоғамдық орындарды тазалау және аулаларды абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар, «Demalys Time» экологиялық квесті, «Эко-серуен» үстел ойыны, «Таза аула» акциясы және бұқаралық іс-шаралардан кейінгі аумақтарды тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.

«Заң мен тәртіп» бағыты бойынша жастар үшін полиция департаментінде «Әділет жолы» экскурсиялары, интерактивті сот процестері мен тергеу-квесттер өткізілді. Бұл шаралар қатысушылардың құқық қорғау органдарының қызметі туралы білімдерін кеңейтіп, құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Төтенше жағдайларға дайындық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Volunteer Patrol жобасы аясында еріктілер құтқару станциясында болып, «Қауіпсіздік негіздері» тренингтеріне қатысты. Олар алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін және төтенше жағдайларда әрекет ету ережелерін меңгерді. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық материалдар таратты.

Фронт-офистің ірі жобаларының қатарында Volunteer Time волонтерлік білім беру курсы, сегіз спикердің қатысуымен өткен облыстық Volunteer Forum, «Жақсылық дауысы» ақпараттық-ағартушылық подкасты және Ulkenge Kurmet жобасы бар.

Еріктілер қызметінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған «Жеңіс лентасы» және Ulkenge Kurmet акциялары ерекше орын алды. Волонтерлер оларға азық-түлік себеттерін табыстап, атаулы көмек көрсетіп, тарихи жадыны сақтау бағытындағы іс-шараларға қатысты.

Кездесу барысында Қазақстандағы волонтерлік қызметтің дамуы жөніндегі деректер де ұсынылды. Бүгінде елімізде алты мыңнан астам волонтерлік ұйым мен үш мыңнан астам бастамашыл топ жұмыс істейді. Республика бойынша 20 өңірлік фронт-офис қызмет көрсетіп, түрлі салаларда ондаған жоба жүзеге асырылуда.

Жыл сайын еріктілік қызметке 60 мыңнан астам адам тартылады. Ұлттық волонтерлік желінің мәліметінше, волонтерлердің ел экономикасына қосатын үлесі жылына 43,2 миллиард теңгеден асады.

Павлодар облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Тамирис Бесеенованың айтуынша, жыл соңына дейін өңірде облыстық волонтерлер слетін өткізу жоспарланған.

– Оған облыстағы ең белсенді ұйымдар мен қозғалыстардың өкілдері қатысады. Баянауыл ауданында төрт күн бойы қатысушылар үшін білім беру және мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылады. Қонақтарды тренингтер, шеберлік сабақтары, тақырыптық кездесулер, пікірталас алаңдары және команда құруға арналған іс-шаралар күтеді, – деді Тамирис Бесеенова.

Білім беру бағдарламасынан бөлек, слетке қатысушылар Баянауыл ауданының табиғи көрікті жерлерімен танысып, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға арналған тың идеялар алуға мүмкіндік алады.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша Павлодар облысының волонтерлері өңірдегі еріктілер қозғалысын дамытуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға, экологиялық ағартушылық жұмыстарды жүргізуге және қоғамға пайдалы жобаларды іске асыруға елеулі үлес қосты.