Павлодар облысында әкелер кеңесінің араласуымен мектептерде вейпқұмарлар азайған
Павлодар облысында әкелер кеңесінің араласуымен мектептерде вейпқұмарлар азайған
Олар оқушыларға арнап апта сайын түрлі шаралар өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында екі мектепте құрылған әкелер кеңесі бүгінгі таңда облыс ауқымында белсенділік танытуда. Жыл басында бұл кеңес «Білім-Инновация» лицей-интернаты мен «Жас дарын» мамандандырылған мектебінде ашылған болатын. Қазір шамамен облыста 30-40 мектепте әкелер кеңесі құрылған.
– Менің төрт балам бар. Оның үшеуі – оқушы. Мен «Жас дарын» мектебі мен № 7 мектепте әкелер кеңесінің төрағасымын. Біз балаларға тәрбие сағатын, мамадыққа баулу сынды жұмыстарды қолға алдық. Яғни, әр апта сайын мектепке барып, балалардың әкелерінің мамандықтары жайлы айтамыз. Тіпті, жұмыс орнына экскурсия жасаймыз, – дейді белсенді әкелердің бірі Ризат Айтуар.
Оқушылардың әкелері мектептегі аз қамтылған балаларды қолдап жүретіні жалған емес. Мәселен, №7 мектепте 92 аз қамтылған бала бар. Әкелер кеңесі Жаңа жыл қарсаңында балаларға тәтті сыйлықтар жасап, көмектерін тигізген. Оқу жылы басында да балаларға мектепке керекті киім-кешек, құрал-жабдықтар алып беруге көмектескен.
– 8 наурыз қарсаңында да біз әкелермен жиналып, «Шаңырақ» мәжіліс залын жалға алып, мектептегі әйелдер қауымына концерт ұйымдастырдық. Осыған ұқсас түрлі шараларды ұйымдастырудан танған емеспіз, – дейді спикер.
Оның айтуынша, мектепте өзекті мәселелер де назардан тыс қалмайды. Мәселен, мектепте балалар арасында жанжал шықса да бұл іске кеңес мүшелері барып, балаларға өз ақылдарын айтып, мәселені шешуге тырысады. Бүгінде қоғамды өзекті мәселеге айналған электронды темекіге байланысты әкелер мен балалар арасында әңгімен ұйымдастырылған. Нәтижесінде мектептерде вейпқұмарлардың саны азайған.
Сонымен қатар, әкелер өзара бас қосып волейбол, футбол сынды спорттық ойындар өткізіп тұрады.