Павлодар облысында ӘМАТ тауарларының бағасы тұрақты деңгейде сақталуда

Павлодар облысында ӘМАТ тауарларының бағасы тұрақты деңгейде сақталуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Баға мониторингі күнделікті негізде жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 108,2 пайызды құрады (республикалық көрсеткіш – 108 пайыз). Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлерінің арасында 14-орында тұр.

Қазіргі таңда 15 түрлі азық-түлік тауары бойынша облыстағы баға республикалық орташа деңгейден төмен, ал 11 тауар бойынша облыс ең төмен баға ұсынатын ТОП-5 өңірдің қатарына енеді. Оларға мыналар жатады: 1-сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, 2,5% сүт, 2,5% айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат.

Мысалы, ӘМАТ тізіміндегі сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі бойынша 2025 жылғы қыркүйек айындағы орташа бөлшек баға бір келісі үшін 3300–3500 теңге шамасында қалыптасқан.

Облыс бойынша бүгінгі таңда 211 дүкені стабфондпен серіктесте жұмыс істейді. Бұл дүкендердің тізімі Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ресми сайтында қолжетімді.

Сонымен қатар, ӘМАТ бағасын реттеу жұмыстары Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылады. 

Жалпы алғанда, облыста ӘМАТ бағасы тұрақты. Негізсіз баға өсімі тіркелген жоқ.

Айта кету керек, соңғы екі ай ішінде көкөніс тобы бойынша баға біртіндеп төмендеуде. Атап айтқанда, қазіргі бағалар келесідей: картоп – 130 теңге, сәбіз – 126 теңге, пияз – 116 теңге, қырыққабат – 130 теңге.