Павлодар облысында өрт қауіпсіздігін бұзған 200-ге жуық адам жауапқа тартылды

Павлодар облысында өрт қауіпсіздігін бұзған 200-ге жуық адам жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бері өңірде 50-ден астам орман өрті тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Павлодар облысында табиғи өрттердің алдын алу бойынша күшейтілген жұмыстар жалғасуда. Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бері жалпы аумағы 168,8 гектардан астам жерді қамтыған 51 орман өрті тіркелді, – делінген хабарламада.

Табиғи өрттердің негізгі себептері – тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы, от жағу, аңызды өртеу, ауыл шаруашылығы алқаптарындағы өрттер және минералдандырылған жолақтардың болмауы.

Орман өрттерінің алдын алу мақсатында өрт қаупі жоғары кезең басталғаннан бері жалпы саны 241 адамнан тұратын 49 мобильді топ құрылды. Олардың құрамына Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті полиция қызметінің, орман шаруашылығы мекемелерінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері енді.

Мобильді топтар 1 117 рейдтік іс-шара өткізді. Оның қорытындысы бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 183 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, 30 маусым күні Ертіс ауданында трактордан шыққан ұшқынның салдарынан құрғақ өсімдік өртенді. Техника иесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 589-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Павлодар облысының ттөтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.