Павлодар облысында 200-ден астам заңсыз қоқыс орны табылды
Қоқыс тастайтын жерлерге тұрақты мониторниг жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, өңірімізде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, оларды жоюға бақылау жүргізуде.
– Рұқсат етілмеген үйінділерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ - геопорталының ғарыштық мониторингінің түсірілімдері екі әдіспен мониторинг жүзеге асырылады, – деді департаментте.
Ағымдағы жылы рұқсатсыз қоқыс тастайтын жерлерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлерімен, полиция қызметі органдарымен, «AMANAT» партиясымен, жұртшылықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп жүзеге асырылды.
– Мониторинг нәтижелері бойынша бүгінгі күні 205 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды. Оларды жою бойынша жұмыстарды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға берілді, – деді департаментте.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Экологиялық кодекстің 365-бабына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды бақылау, рұқсат етілмеген полигондардың жолын кесу және жою жергілікті атқарушы органдарға бекітілген.