Павлодар облысында 40-тан астам отбасы өнермен қауышты

Павлодар облысында 40-тан астам отбасы өнермен қауышты
Суретті облыстық білім басқармасы ұсынды

Байқауда 86 қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында, облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Музыкалық жанұя» атты байқау өтті.

Шараға өңіріміздің қала мен аудандарынан 40-тан астам отбасы, барлығы 86 қатысушы қатысты.

–      Байқауда балалар мен ата-аналар сахна төрінде бірлесіп өнер көрсетіп, отбасылық шығармашылық пен рухани құндылықтарды дамытуға зор үлес қосты. Бұл іс-шара отбасылық ынтымақ пен шығармашылықтың маңызын айшықтады, – дейді Оқушылар сарайының көркемөнер бөлімінің меңгерушісі Жанар Қалтаева.

Байқау аймақтағы шығармашыл отбасыларды бір шаңырақ астына жинап, олардың музыкалық қабілеттерін паш етуге және отбасылық құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік берді.

–    Біз Жанұзақ отбасынан бес адам болып келіп отырмыз. Өз өнерімізді көрсетіп, аспаптарда ойнаймыз. Бүгін өнердің, бірліктің және отбасылық құндылықтарды дәріптейтін күн болды, –дейді Жанұзақ Балкенов.

Байқауда «Музыкалық отбасы» санатында бірінші орынды Борисовтар отбасы, екінші орынды Қабдоллиндер отбасы, үшінші орынды Төлеген отбасы жеңіп алды. «Әнші отбасы» бойынша бірінші орынды Досымхановтар отбасы, екінші орынды Петренко отбасы, үшінші орынды Өмірбаевтар отбасы иеленді. «Шығармашыл отбасы» бойынша бірінші орынды Райымбековтар отбасы және Фаустовтар отбасы, екінші орынды Жанұзақ отбасы, үшінші орынды Нұркеновтер отбасы жеңді.

Барлық қатысушыларға дипломдар табысталып, ерекше өнер көрсеткен отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды: «Дәстүрлерді белсенді насихаттаушы» номинациясы бойынша Әлмағамбетовтар отбасы, «Аға буын» номинациясымен Бейсембаевтар отбасы, «Ең тату отбасы» номинациясымен Әлиакбаровтар отбасы, «Ең жас қатысушы» номинациясымен Медина Мұстафина және «Ансамбльдің ерекше құрамы» номинациясымен Ошал отбасы марапатталды.