Павлодар облысында 80-жылдары тоқтап қалған канал қайта жанданды
Осылайша шаруалар Ертіс-Успен каналынан су алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының шаруашылықтары Ертіс-Успенка каналы арқылы суармалы егіншілікке қажетті суды ала бастады. Қазіргі таңда су сынақ режимінде берілуде. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Атап өтерлігі, канал құрылысы 80-жылдары қаржы тапшылығына байланысты аяқталмай қалған болатын. Жобаны қайта жаңғырту жұмыстары 2020 жылы қолға алынған. Содан бері нысанды іске қосу мерзімі төрт рет кейінге шегерілді.
Соған қарамастан, өткен жылдан бері су сынамалы түрде беріліп, бүгінде 500 гектарға жуық суармалы алқапты сумен қамтып отыр.
Ертіс-Успенка каналы - өңір үшін стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық жоба. Нысан толық іске қосылғаннан кейін 10 мың гектарға дейінгі егістік алқапты суармалы жерге айналдыруға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, шаруашылықтар су жеткізу қызметінің құнын арзандатуға арналған мемлекеттік субсидияларды пайдалана алады.
«Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалының мәліметінше, жобаның жалпы құны 7,4 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары тоғыз жыл бұрын әзірленген сметалық құжаттарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Осы уақыт ішінде құрылыс материалдары мен қызметтердің бағасы айтарлықтай өскен. Филиал директорының орынбасары Әділбек Шапатовтың айтуынша, қазіргі таңда су Мичурин ауылдық округіндегі «Луч» шаруа қожалығына жеткізілуде. Ұзындығы 13 шақырым болатын магистральдық каналдың екі шақырымын ғана аяқтау қалған.
Қазіргі таңда су күн сайын кешкі сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін сынақ режимінде айдалады. Сорғы станциясының өнімділігі сағатына 6 мың текше метр суды құрайды.