Павлодарда өнерді шыңдап жүрген өнерлі жұптар отбасы күнін атап өтті

Филармония сахнасында 20-дан астам талантты жанұя жұмыс істеп келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2013 жылдан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен енгізілген бұл мереке бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге көрсететін маңызды мерекелердің біріне айналды.
– Филармония сахнасында өнер көрсетіп қана қоймай, отбасылық құндылықтарды сақтап келе жатқан 20-дан астам өнерлі отбасы бар. Олардың арасында ерлі-зайыптылар, ата-ана мен бала, бірнеше буын өкілдері бар. Бұл үрдіс өнер ордасының ғана емес, ел мәдениетінің де байлығына айналды, – деді И.Байзақов атындағы филармония басшысы, ҚР мәдениет саласының үздігі Амангелді Қожанов.
Салтанатты жиын барысында сахна төріне шыққан бірқатар отбасыға ерекше ілтипат көрсетіліп, Алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Виктор Шейкин мен оның жұбайы Евгения Шейкина, Беков Нұрлан мен Шахадат Бековалар, Юрий Ким және ұлы Леонид Ким, Жанболат пен Жанара Бастамиевтер, Оксана Петрушкина және ұлы Сергей Тищенко, Айвар мен Раушан Нағышпаевтар – Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің ардақты мүшелері, Марина Фаустова мен Александр Андрющенко бар.
– Сондай-ақ, өнердегі әулеттік дәстүрді жалғастырып келе жатқан жанұялар да ерекше атап өтілді. Жетекші қобызшы, ұстаз Айнұр Қанаева мен оның ұлы Әлижан Қазбеков, «Нұр» би ансамблінің балетмейстері Наталья Колесникова және оның ұлы, жас артист Даниил, филармония табалдырығын бірге аттаған өнерлі жұп Аллажар Саттар мен Шолпан Ақылбек, Музыкант-инструменталистердің жас буыны – Дарина Бейсарова мен Олжас Бейсаров, – деді Амангелді Қожанов.
Сондай-ақ, әнші-композитор Серік Рысбек пен оның жары, сахна сыртында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сәуле Мұқаева, «Нұр» ансамблінің бишілері Мадияр Бахтияров пен Ажар Бахтиярова – өнерде табысып, отбасын құрған жұп.
– Бұл әулеттердің барлығы сахнадағы өнерімен қатар, отбасы бірлігінің, татулық пен сыйластықтың үлгісі, – деді Филармония басшысы.
Филармония ұжымы үшін отбасы күні – тек мереке ғана емес, өнердегі дәстүр мен өмірдегі татулықты дәріптейтін күн. Ерлі-зайыпты музыканттар, сахнада табысқан әріптестер мен бірнеше буын жалғасқан шығармашылық әулеттер – барлығы да ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосып келеді.