Павлодарда жылу маусымына дайындық қарқын алды

Павлодарда жылу маусымына дайындық қарқын алды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жылу тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін станциялар кезең-кезеңімен жаңартылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылы «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» акционерлік қоғамы өңірдегі екінші және үшінші жылу-электр орталықтарының негізгі әрі қосалқы жабдықтарын жаңартуға 32,2 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттады. Қаражат толығымен компанияның өз қаражаты есебінен бөлінген.

Оның шамамен 22,2 миллиард теңгесі инвестициялық жобаларға, 10 миллиард теңгесі жөндеу бағдарламасына қарастырылған.

Қазір Павлодар үшінші жылу-электр орталығында үшінші және бесінші қазандық агрегаттары мен үшінші турбоагрегаттың күрделі жөндеуі аяқталды. Бірінші қазандық агрегаты мен бесінші турбоагрегатты жаңарту жалғасуда. Сонымен қатар, бірінші түтін мұржасына жөндеу жүргізілуде. Алдағы уақытта екінші түтін мұржасы сырланады.

Павлодар екінші жылу-электр орталығында бесінші қазандық агрегатының күрделі жөндеуі аяқталған. Қазір екінші турбоагрегат пен төртінші қазандық агрегаты қалпына келтірілуде. Мұнда түтін мұржасын қайта жөндеу жұмыстары да қатар атқарылып жатыр.

Бұдан бөлек, станцияларда негізгі жабдықтармен бірге қосалқы және жалпы станциялық құрылғылар, ғимараттар мен құрылыстар ретке келтірілуде. Қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында әкімшілік ғимараттардың қасбеттері жаңартылып, жұмыс кабинеттері, санитарлық тораптар мен тұрмыстық бөлмелер жөнделуде.

Екінші жылу-электр орталығында ауқымды қайта құру жұмыстары да басталды. Биыл бірінші турбоагрегатты жаңғырту жобасы қолға алынбақ.

– Бүгінде екінші жылу-электр орталығы терең қайта құру сатысында. Ағымдағы жыл бірінші турбоагрегатты жаңартудың бастапқы нүктесі. Биыл турбинаны ауыстыру жобасын әзірлеп, бөлшектеуден бастап іске қосу-баптауға дейінгі толық жұмыс циклін орындайтын мердігерді анықтаймыз, – деді бас инженерінің орынбасары Сергей Кондратьев.

Компания мәліметінше, жүргізіліп жатқан жөндеу мен жаңарту шаралары станциялардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қала тұрғындарын энергиямен сенімді және үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді.