Павлодарда түнгі тыныштықты бұзғандар жазалануда

Павлодарда түнгі тыныштықты бұзғандар жазалануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында тұрғындардың тыныштығын бұзу фактілерінің алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл басынан бері өңір полициясы азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртібін бұзудың 4567 фактісінің жолын кесті.

Полицияға көбіне көпқабатты үйлердің тұрғындары көршілерінің түнгі уақытта шулағанына байланысты шағымданады. Қатты музыка, түнгі айқай-шу, көңілді отырыстар, пәтердегі жөндеу жұмыстары және иттердің қатты үруі тұрғындардың тыныштығын бұзуы мүмкін.

Мәселен, Павлодар қаласындағы Астана көшесінде орналасқан көпқабатты үй тұрғындары полицияға түнгі уақытта қатты музыка естілгеніне шағымданған. Тәртіп сақшылары оқиға орнына келген кезде көрші пәтерде достардың жиналып, түні бойы ән айтып, көңіл көтергені анықталды. Шу таңғы сағат 5-ке дейін жалғасқан.

Осыған ұқсас жағдай Ткачев көшесінде де тіркелді. Пәтер тұрғындарының бірі құрбыларымен бірге түнгі уақытта үйінде дискотека ұйымдастырған. Полиция келген кезде ол көршілерінен кешірім сұрап, өз кінәсін мойындады.

Аталған жағдайлар бойынша пәтер иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды.

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарды көршілердің тыныштығына құрметпен қарауға шақырады. Әсіресе түнгі уақытта қатты музыка қосып, айқай-шу шығармау қажет.

Егер көршілердің даңғаза отырыстары түнге дейін созылып, тыныштықты үнемі бұзатын болса, тұрғындар «102» нөміріне хабарласып, учаскелік полиция инспекторын шақыра алады.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартады.