Павлодар облысында «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты құрылды
Бұл – республикадағы алғашқы жоба, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысына жұмыс сапары аясында партия хатшысы Шолпан Кәрімова Ертіс-Баян өңіріндегі әйелдер партия активімен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, облыстық партия филиалының төрағасы Илья Теренченко, өңірлік филиалдың атқарушы хатшысы Айгүл Маликова, депутаттар, белсенді партия қайраткерлері, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ өкілдері және т. б. қатысты.
Кездесудің мақсаты – қоғамдағы әйелдердің мәртебесі мен құқықтарын нығайтуға байланысты өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты жұмысының басым бағыттарын айқындау.
– «AMANAT» партиясы әйелдер қанаты жұмысының 10 басымдығын ұсынды. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, ауылдағы бизнес, отбасының құндылықтары, экономикалық құқықтар, әйелдердің ғылымдағы рөлі және басқа да маңызды мәселелер, – деп атап өтті партия хатшысы Шолпан Кәрімова.
Сараптамалық топтар әр 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар проблемаларды шешу бойынша өз көзқарастары мен пікірлерін ұсынады.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова «AMANAT» партиясының әйелдер қанатын құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, өңірдегі әйелдер халықтың 52%-ын құрайтынын және ең жігерлі және еңбекқор екенін атап өтті. Ол сондай-ақ әйелдер елдің саяси өміріне белсенді қатысуы және барлық қызмет салаларында ер адамдармен тең мүмкіндіктерге ие болуы керек екенін айтты.
Партия хатшысы Шолпан Каринова Павлодар облысындағы «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты әйелдер қауымының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша кеңесшіні таныстырды. Ол облыстық мәслихаттың депутаты, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы, дәрігер, партияның белсенді мүшесі Света Абдрахманова болып тағайындалды.
– Бұл – мен үшін ерекше кездесу. Он жылдан астам партиядамын. Біздің бастамаларымыз қабылданғанына қуаныштымын. Дәрігер ретінде мен халықтың денсаулығына қамқорлық жасаймын. Әйел ретінде мен анамын және ошақтың қамқоршысымын. Бұл лауазым – мен үшін облыс әйелдері алдындағы үлкен жауапкершілік, – деді кеңесші.
Кездесуде партияның әйелдер қанатының жұмысына қатысты ұсыныстар енгізілді. Мәселен, облыстық кәсіподақтар федерациясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова өндірістік жарақаттанудың алдын алуға ерекше назар аударды.
– Біз жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары туралы дауыстап айтуымыз керек. Жарақаттану бойынша біздің аймақ антилидер болып табылады. Президент Тоқаевтың айтуынша, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы барлық деңгейде жүзеге асырылуы тиіс. Еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіби өсуге және қосымша әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу мақсатында әйелдер кеңесін ұйымдастыруды ұсынамын, – деді өңірлік кәсіподақтардың басшысы.
Павлодар облысының «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты – республикадағы осындай алғашқы жоба. Еліміздің барлық өңірлерінде осы бағыт бойынша жұмысты ұйымдастыру жоспарлануда.
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі ұсынды