Асайын Байханов аудан әкімдеріне: Жедел әрекет ету керек
Павлодар облысы 20 өңірдің ішінде қабылданған өтініштердің саны мен өтініш берушілердің белсенділігі бойынша 15-орында тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев мәлім етті.
– 2023 жылы облыстың мемлекеттік органдарына 72 932 өтініш түсті, оның ішінде 36 170-і жергілікті атқарушы органдарға жолданған. Өтініштер санының 8,8%-ға өсуі әртүрлі байланыс арналарынан «Е-өтіш» бірыңғай республикалық базасына түсетін барлық өтініштердің орталықтандырылуынан туындады. Жалпы, өсу қарқыны республика бойынша байқалады, – деді Дидар Ибраев.
Оның айтуынша, өтініштердің жалпы санынан азаматтардың 68% (49 593) тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік мәселелерде түсіндіру немесе жәрдем көрсету үшін жүгінеді, ал тұрғындардың 5,4% (3 938) мемлекеттік органдардың уақтылы немесе сапасыз жұмысына шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштердің 66 % оң шешімін тапты.
Президент Әкімшілігіне жүгінетін өтініш берушілер саны 13%-ға азайды.
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданы бойынша тұрғындар тарапынан әлеуметтік желіде көтерілген мәселе өткір талқыланғанын атап өтті.
– Неліктен жергілікті деңгейде шара қолданылмайды? Жұртшылық жедел әрекет етуді күтеді және бұл дұрыс. Сұрақтар өте көп. Біз заманауи технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Онлайн ресурстар қарым-қатынастарды қатты өзгертті. Сондықтан мәселе туындағанда жылдам әрекет ету керек. Көптеген тұрғындар өздерінің жанайқайын жазып жатады. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, Асайын Байханов игерілмеген қаражатты жыл соңына жылжыту тәжірибесін тоқтатуды тапсырды.