Павлодар облысында экономикалық өсімнің негізгі драйверлері анықталды

Павлодар облысында экономикалық өсімнің негізгі драйверлері анықталды
Фото: жасанды интеллект

Өңірде 2026 жылдың жарты жылында экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тюлюбаевтың айтуынша, есепті кезеңде өңірдің жалпы өңірлік өнімі 1,4 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға өскен. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 931 мың теңгеге жетті.

– Өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі. Алты айдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 8,8 пайызға артты. Өсім фармацевтика, өзге де металл емес минералдық өнімдер, дайын металл бұйымдары, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі, тамақ өндірісі және металлургия салаларында да оң динамика байқалады, – деді Дамир Тюлюбаев. 

Агроөнеркәсіп кешенінде де айтарлықтай өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,6 пайызға ұлғайды. Егіс алқаптары 70 мың гектарға кеңейтілді. Салаға тартылған инвестициялар 1,4 есеге өсіп, жыл басынан бері 99,3 миллиард теңгеге жетті.

Сауда саласында да белсенділік жоғары. Өңірдегі ішкі сауда көлемі 25,3 пайызға артты. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 3,1 пайызға, ал көтерме сауда айналымы 40,5 пайызға өскен.

Көлік және қоймалау саласында нақты көлем индексі 106,5 пайызды құрады. Теміржол көлігімен жолаушылар тасымалы 8,6 пайызға, ал су көлігімен тасымал 38,7 пайызға артты.

Жалпы, жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіштер Павлодар облысының экономикасында өндіріс, ауыл шаруашылығы, сауда және көлік салалары бойынша өсім сақталғанын көрсетеді. Бұл өңір экономикасының тұрақты дамып, инвестициялық белсенділіктің артып келе жатқанын аңғартады.