Павлодар облысында «Ауыл нақыштары» атты фотобайқау жарияланды

Жүлде қоры – 4 миллион теңгеге жуық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ауыл» партиясының мәліметінше, байқауға кез келген жастағы кәсіби фотографтар мен әуесқойлар қатыса алады. Әр қатысушы бес фотосуретке дейін ұсына алады. Фото жұмыстарда ауыл табиғаты мен көріністері, көшпенділер мәдениеті, еңбек адамдарының тіршілігі, ауыл балаларының сәттері, науқандық жұмыстар, мәдениет пен спорт, әлеуметтік мәселелер және заманауи ауыл бейнесі қамтылуы тиіс.
Байқау үш негізгі номинация бойынша өтеді: «Ауыл пейзаждары», «Ауылдағы еңбек адамдарының фотопортреттері» және «Фоторепортаждар». Сонымен қатар, «Ауылдағы бақытты балалық шақ» және «Әлеуметтік желі пайдаланушылар пайымы» атты арнайы жүлделер қарастырылған.
Гран-при иегері 700 мың теңге көлемінде сыйақы алады. Негізгі номинациялар бойынша бірінші орынға – 500 мың теңге, екінші орынға – 300 мың теңге, үшінші орынға – 200 мың теңге тағайындалған. Арнайы жүлделердің әрқайсысы 100 мың теңгені құрайды.
Фотосуреттер 2025 жылғы 15 қазанға дейін auyl.kz сайтындағы «Ауыл нақыштары» айдарына жүктелуі тиіс. Байқау қорытындысы 1 қарашаға дейін жарияланады.
Жеңімпаздар электрондық пошта немесе телефон арқылы хабардар етіледі. Олар 10 күн ішінде жеке куәлігінің көшірмесін, банк шотының нөмірін және байланыс мәліметтерін konkurs@auyl.kz электрондық поштасына жіберуі қажет.
Қосымша ақпаратты konkurs@auyl.kz электрондық поштасы немесе +7 (777) 611-04-07 WhatsApp нөмірі арқылы алуға болады.