Павлодар облысында ауыл тұрғыны қошқарды 150 рет көтерді

Павлодар облысында ауыл тұрғыны қошқарды  150 рет көтерді

Ақтоғай ауданының палуаны қанжығасына бір қошқар байлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақтоғай ауданы мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мұкитовтың айтуынша, аудан алаңында мықтылар мен епті ерлер арасында жарыс өтті.

- Ақтоғайдың палуаны Нұрбол Бақытбек Наурыз мейрамын тойлау кезінде қошқарды 150 рет көтерді. Одан бөлек, қазақтың ұлттық спорт түрлерінің бірі -  аударыспақтан да үздік атанды, - деді Нұрбол Мұкитов.  

Ұлттық спорт түріне қызығушылық танытқан азаматтар асық ату, қол күресі, арқан тарту, гір көтеру, қазақ күресі, садақ ату бойынша сынға түсті. Сонымен қатар  мейрам қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, бәйге сынды ат сайыстарымен жалғасын тапты.

Айта кетейік, барлық жеңімпаз азаматтарға ақшалай сыйлықтар табысталды.