Павлодар облысында автокөлік саны жыл сайын артып келеді

Павлодар облысында автокөлік саны жыл сайын артып келеді
Фото:Рexels.com

Алайда олардың жартысына жуығының пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы 31 желтоқсандағы мәлімет бойынша, өңірде тіркелген 233 511 автокөліктің 102 581-і 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Оның ішінде 75 647-сі – жеңіл автокөлік.

Осы орайда ескі көліктердің техникалық жағдайы мен экологиялық талаптарға сәйкестігі маңызды. Себебі пайдаланылу мерзімі ұзақ көліктерден бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін.

Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, департамент жолдағы әрбір көлікті тұрақты түрде тексермесе де мамандар автокөліктерден бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін жергілікті полиция қызметімен бірлескен профилактикалық және рейдтік іс-шаралар аясында өлшеп тұрады.  Іс-шара барысында мамандар арнайы зертханалық жабдықтардың көмегімен автокөліктердің пайдаланылған газындағы зиянды заттардың мөлшерін анықтайды. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті хаттамалар толтырылып, шара қолдану үшін полиция қызметкерлеріне беріледі.

– 2026 жылы 23 автокөлік тексерілді. Оның үшеуінен пайдаланылған газ құрамындағы зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормативтен жоғары екені анықталды. Заңбұзушылыққа жол бергендерге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – деді Әсет Сыздықов.

Ал көлік иелері арасында катализаторды алып тастау қозғалтқыштың жұмысына оң әсер етеді деген пікір де бар. Алайда мамандар мұндай әрекеттің экологиялық зардабы болуы мүмкін екенін ескертеді.

– Өндіруші зауыт орнатқан каталитикалық бейтараптандырғышты өз бетінше алып тастау, ажырату немесе оның орнына өз қызметін атқармайтын құрылғы орнату көліктің пайдаланылған газдарды тазарту жүйесінің жұмысын бұзады. Соның салдарынан атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормативтен асып кетуі мүмкін, – дейді құзырлы орган өкілдері.

Мамандар міндетті техникалық байқаудан өткен кезде тек пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтін деңгейіне ғана емес, сонымен қатар көліктің зауытта қарастырылған зиянды шығарындыларды азайту жүйесінің техникалық жағдайына да назар аудару қажеттігін айтады. Әйтпесе, айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін.