Павлодар облысында бұлан төлдері жиі кездесе бастады

Павлодар облысында бұлан төлдері жиі кездесе бастады
Фото: видеодан скриншот

Резерват аумағында бұлан санының артуы тұрақты үрдіске айналып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында биылғы қысқы санақ барысында 184 бұлан есепке алынды. Қазір табиғи ортада жас төлдердің жиі кездесуі жануарлар санының тұрақты өсіп келе жатқанын аңғартады.

Аңшылық шаруашылығы бойынша міндетін атқарушы Қанат Егембердиевтің айтуынша, қорғалатын аумақта бұлан санына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Аңшылыққа толық тыйым салынуы да жануарларды қорғауға оң ықпал етіп, олардың еркін қозғалып, табиғи жолмен көбеюіне жағдай жасап отыр.

– Биыл ауа температурасының жоғары болуына байланысты құрғақшылық пен су тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Осыған орай аумақтағы жасанды суаттардың деңгейі тұрақты бақылауда ұсталып, олардың толық құрғауына жол бермеу шаралары жүргізілуде, – деді ол.

Маманның пікірінше, суаттарға орнатылған фототұзақтар бұланның жасанды су көздерін тұрақты пайдаланатынын көрсеткен.

– Бұлан үшін су көздерінің қолжетімді болуы аса маңызды. Су тапшылығы жануарлардың басқа аумақтарға ығысуына немесе ұзақ қашықтыққа қоныс аударуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан табиғи және жасанды су көздерін сақтау жануарлардың осы аумақта тұрақты мекендеуіне мүмкіндік береді, – деді Қанат Егембердиев.

Қазіргі таңда су көздерін сақтау бұлан санын қорғау мен оның тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі болып отыр.