Павлодар облысында бөгеттерді нығайту жұмысы жалғасуда
Бұл істі Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ЖАО-мен бірлесіп жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мәлімдеуінше, Кенжекөл ауылы мен Атамекен кентіндегі тұрғын үйлерді су басуын болдырмау үшін оларды нығайту мақсатында жыл сайын үйінділерге топырақ әкелу жұмыстары жүргізіледі.
- Үйінділерге тексеру жүргізілді. Атамекен кентіне 3000 тоннаға жуық топырақ әкелінді. 50 метрге жуық үйінді нығайтылды. 2000 қап дайындалды. Кенжекөл ауылына 6500 тонна топырақ жеткізіліп, қаптар әзірленіп, үйінділер нығайтылуда, - делінген хабарламада.
Ал Ақсу қаласы мен Ақсу шағын ауданында да бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Ертіс өзеніне су жіберу кезінде су тасқыны қаупінен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін екі қорғаныс құрылыстары бар. Бүгінгі таңда Ақсу қаласының оңтүстік-шығыс жағынан Ертіс өзенінің жайылмасына іргелес жатқан тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін жергілікті атқарушы органдарымен ұзындығы 800 метрге дейін және биіктігі 1 метрге жететін жер үйінді бекітілді.
Аққулы, Май, Павлодар және Тереңкөл аудандарында су басуға бейім жерлерде үйінділер мен бөгеттерді салу және нығайту, инертті материалдары бар қапшықтарды дайындау жұмыстары жалғасуда. Күн сайын тұрғызылған бөгеттердің жай-күйіне мониторинг жүргізілуде.