Павлодарда алғаш рет жастар IT-идеяларын таныстырды

Іс-шараны жуырда ғана ашылған Pavlodar Hub ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада IT-қауымдастықты қолдау мақсатында алғаш рет Pizza Pitch шарасы өтті. Оның басты мақсаты – өңірдегі жас стартаперлерге өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік беру, тәжірибелі мамандардан кері байланыс алу және болашақ инвесторлармен алғашқы қадамдар жасау.
Pavlodar Hub жетекшісі Нүргүл Жұмадиева орталықтың негізгі мақсаты – өңірде IT-қауымдастықты дамыту екенін атап өтті.
– Бүгінде Қазақстанның 20 өңірінде осындай хабтар Astana Hub-тың қолдауымен жұмыс істеп тұр. Бізде де әртүрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың стартап идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасалуда. Қыркүйек айында инкубациялық бағдарлама – Startup Orda басталады. Бұл бағдарлама қатысушыларға білім алып қана қоймай, өз жобаларын дамытып, инвесторлар алдында таныстыруға жол ашады, – деді ол.
Startup Orda бағдарламасына қатысу үшін басты талаптар: жасы 16-дан асқан болу, IT саласында идеясы болуы және Startup Academy онлайн-курсын аяқтау. Бағдарлама екі айға созылады, қатысушыларға тегін жұмыс орны, менторлық қолдау, воркшоптар және Demo Day-ге дайындық ұсынылады.
Жас қатысушылардың бірі Екатерина Санникова өз идеясын алғаш рет Pizza Pitch алаңында таныстырды.
– Менің стартап-идеям – жастардың психикалық денсаулығын жақсартуға бағытталған мобильді қосымша жасау. Қазақстанда жастар арасында күйзеліс пен эмоционалды шаршау үлкен мәселе. Бұл жоба арқылы психологқа баруға қарағанда қолжетімді әрі ыңғайлы балама ұсынғым келеді. IT саласында кәсіби білімім жоқ, бірақ Pavlodar Hub маған идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – деді ол.
Сондай-ақ өз жобаларын Ислам Күленов, Станислав Кириченко, Жан Бейсикеев және Әділ Олжабай ұсынды.
Шара қорытындысы бойынша бірінші орынды «Open you» жобасымен Ислам Күленов иеленді. Екінші орын «Moniq SH» жобасымен Жан Бейсикеевке бұйырды. Ал үшінші орынды «Uniaction» жобасымен Станислав Кириченко қанжығасына байлады.
Жеңімпаздарға смарт-сағат, пауэрбэнк және «Алиса» колонкасы табысталды. Барлық қатысушылар Pavlodar Hub-тың мерч-продукциясын алды.
Нүргүл Жұмадиева мұндай шаралар Павлодарда тұрақты түрде өтетінін айтты.
– Pizza Pitch – еркін ортада идеяларды талқылауға, жаңа таныстар табуға және тәжірибе жинауға арналған алаң. Біз жастардың бойындағы әлеуетті ашып, оны нақты жобаға айналдыруға көмектескіміз келеді. Бұл бастама Президент Жолдауында айтылған цифрландыру бағытымен де үндесіп отыр, – деп атап өтті ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Pavlodar Hub-тың алғашқы қадамы – өңір жастарына жаңа мүмкіндіктер беріп, болашақ IT-жобалардың іргетасын қалау.