Павлодар облысында балалар арасында қызылша өршіп кетті
Екібастұз қаласы науқастар саны бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.
– Жыл басынан бері 136 қызылша ауруы расталған науқас тіркелді, олардың 77%-ы – балалар, 1,5%-ы – жасөспірімдер және 23,5%-ы ересектер. Облыс бойынша сегіз мектепте қызылшаның 12 жағдайы, ал 13 мектепке дейінгі ұйымда қызылшаның 29 жағдайы тіркелген, – деді Зәмзәгүл Досжанова.
Оның сөзінше, ата-аналардың сенімсіздігінен вакциналаудан жаппай бас тартқандар артуда.
– Олар вакциналау зиянды салдарға әкеп соғуы мүмкін деген оймен екпе салғызудан бас тартады. Сондықтан да аурудың күрт өршіп кетуі байқалады. Мысалы, қарашаның 13 күнінде қызылша ауруына күдікпен 82 жағдай анықталды. Былтыр ұқсас кезеңде тек бес жағдай ғана болған еді, – деп атап өтті эпидемиолог.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның сөзінше, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының балалар ауруханасында жалпы 30 бала дәрігерлердің қаралуында жатыр.
– Олардың жағдайы тұрақты, ауыр жағдайдағы науқастар болған жоқ. Сырқаттанғандардың үлесі Екібастұз бен Ақсу қалаларында басым. Науқастар күнара анықталуда, – деді Айгүл Мұқышева. – Үш айлық сәбилерден бастап, сегіз жасқа дейінгі балалар бар. Сырқаттанғандардың 80%-ы вакцина салмаған.
Сондай-ақ, Ақсу қаласында екі жүкті әйел қызылшаға шалдыққан болатын. Бүгінде олар үйге жіберіліп, дәрігерлердің қаралуында. Эпидемиолог мамандар тұрғындардан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды қабылдауды сұрайды. Бүгінде 1 жасында және 6-7 жасында вакцина алмаған балалардың қосымша иммундау барысында вакцина салдыруға мүмкіндігі бар.