Павлодар облысында бауырға ота жасайтын болды
Енді отаны тегін, кезексіз және жаңа технологиялар арқылы жасауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық №1 ауруханасында бауыр мен ұйқы безіне ота жасау бойынша шеберлік сабағы өтуде. Жергілікті хирургтарды оқытуға Астана ғылыми онкология орталығының гепатобилиарлы хирургия және трансплантология бөлімінің меңгерушісі Жанат Спатаев келді.Шеберлік сабағының бірінші күні Астанадан келген топ цистаденома диагнозымен бауыр резекциясын қалай жасау керектігін көрсетті.
Гепатобилиарлы хирургия Астана мен Алматыда үлкен жетістікке жеткенімен, хирургияның бұл саласы аймақтарда дамымаған.
– Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында бауыр хирургиясы дамымай тұр десе де болады. Халықтың барлығы Астанаға емделуге келеді. Астанада орын жоқ, бүкіл қазақстандықтарға ота жасай алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – өңірлерде хирургияның осы саласын дамыту. Сондықтан біз Павлодар облысына хирургтарды оқыту үшін, осы бағыттағы барлық қиыншылықтарды көрсету үшін келдік, – деп түсіндірді Жанат Спатаев.
Оның айтуынша, Қазақстан бауыр эхинококкозы бойынша эндемиялық аймақ болып табылады.Ал бауыр хирургиясының дамуын шектейтін бірқатар факторлар бар. Ең алдымен, бұл – арнайы жабдықтың қажеттілігі. Сондықтан Астанадан бауырды қан жоғалтпай кесетін арнайы жабдық әкелінді. Павлодарда мұндай құрылғы болмаған, құны – 90 миллион теңге. Жақында Павлодар қалалық ауруханасына түседі.
Бірінші қалалық аурухананың жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Жағапаровтың айтуынша, оқыту тәлімгерлердің бір рет келуімен шектелмейді, өйткені бұл – медицинаның өте күрделі саласы.
– Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар онкологияға жүгінеді. Ал қатерсіз ісігі барлар Ғылыми орталықта ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Сондықтан жақын арада павлодарлық хирургтар бауыр мен ұйқы безіне ота жасай алады. Енді емделушілер квота алып, кезекке тұрмайтын болады, – деді Ерлан Жағапаров.
Хирургтарды оқытудың бірінші күні ота бөлмесіне бауырдың цистаденома диагнозымен әйел жеткізілді. Бұл – сирек кездесетін қатерсіз ісік, бірақ обырға айналуы мүмкін. Ол үлкен тамырлардың біріне жақын орналасқан. Аталған аурудың себебін ешкім таба алмай жүр.
– Бұл отаның қиындығы – науқастың артық салмағы және бауырдың майлы гепатозы. Бұл резекция жасау үшін кедергі тудырады. Паренхиманы сақтай отырып, ісікті алып тастау қажет, – дейді ғылыми орталық гепатобилиарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Ота жалпы анестезиямен жасалып, екі сағатқа созылды. Науқас кез келген басқа оталардан кейінгі сияқты қалпына келеді.
Айта кетерлігі, бауыр мен ұйқы безіне жасалатын оталар міндетті медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі. Аталған бағдарламасыз отаның бағасы 400 мың теңгеден асатын еді.