Павлодар облысында бензин бағасының ең аз өсімі тіркелді

Өңір жанармай өндіру бойынша алдыңғы үштікке кіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанда 3,4 миллион тонна мотор отыны, оның ішінде авиациялық отын өндірілді. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артық.
Ең көп бензин дәстүрлі түрде Шымкентте, Атырау және Павлодар облыстарында өндірілді. Биыл Павлодар мұнай-химия зауыты 889 мың тонна отын өндірген.
Бағаға келер болсақ, 2025 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша, бензиннің бағасы айлық есеппен 2,5 пайызға, жылдық есеппен 8,3 пайызға өсті. Бір жыл ішінде АИ-98 маркалы бензин 5,5 пайызға, АИ-95/АИ-96 — 6,5 пайызға, ал АИ-92 — 8,7 пайызға қымбаттаған.
Бағаның ең аз өсуі Ақтөбе және Павлодар облыстарында тіркелді. Павлодар облысында жылдық динамикада жанармай бағасының айтарлықтай өсуі байқалмаған.
Қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне шамамен 224–229 теңге, АИ-95 — шамамен 275–282 теңге, ал дизель отыны 319–329 теңге аралығында.