Павлодар облысында бюджеттік ұйымдарға қымбат қағаздар алуға жол берілмеді
Заңға қайшы әрекеттерге еріктілер тосқауыл болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство волонтерлері мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында жалпы сомасы 9 495 590 теңгеге бюджеттің негізсіз жұмсалуына жол бермеді.
– Железин ауданының білім бөлімі жалпы құны 7,3 млн теңгеден асатын бірлік үшін 2600 теңгеге А-4 форматындағы кеңсе қағазын сатып алуды жоспарлады. Алайда аталған тауарды нарықта 1500 теңге мөлшерінде сатып алуға болады, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ волонтерлер Тереңкөлде де осындай бұзушылықты анықтады, аудандық аурухана жалпы сомасы 750 мың теңгеге бірлігі 2500 теңге тұратын қымбат қағаз сатып алуды жоспарлаған. Ал Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде нарықтық құнын зерттемей, жалпы сомасы 10 млн теңгеден асатын жоғары бағамен кеңсе қағазын сатып алмақ болған.
Волонтерлер көрсетілген тапсырыс берушілердің атына ұсыныс хаттар жолдады, оларды қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алуға тиісті түзетулер енгізілді.