Павлодар облысында бейнекамералардың көмегімен 200 қылмыс ашылды

Павлодар облысында бейнекамералардың көмегімен 200 қылмыс ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері Жедел басқару орталығының үйлестіруімен 22 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, осы уақыт ішінде «102» арнасына шамамен 66 мың қоңырау түскен. Әрбір хабарлама жедел тіркеліп, оқиға орнына полицияның тиісті күштері мен құралдары жіберіледі.

– «Нөлдік төзімділік» қағидаты аясында қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне де ерекше назар аударылған. Нәтижесінде қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 3230 адамға, қоғамдық орындарды ластаудың 328 және ұсақ бұзақылықтың 268 фактісі бойынша шара қолданылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған 15 мыңнан астам жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Полиция департаменті тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігін талап етеді.