Павлодар облысында биыл жоғары оқу орындары қанша білім беру гранттарын бөлді?

Павлодар облысында биыл жоғары оқу орындары қанша білім беру гранттарын бөлді?
Суретті білім басқармасы ұсынды

Грант облыстық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Естай атындағы мәдениет сарайында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 63-ші облыстық кезеңінің жабылу салтанаты өтті.

Оған облыстың барлық ауданынан үкілі үміттерін арқалап келген дарынды балаларға арналған мектептерінен 26 команда құрамында 752 оқушы қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атағын 347 бала жеңіп алды.

Пәндік олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова білім нәрін сусындаған өрендерге сәттілік тіледі. Әрі облыстық пәнаралық олимпиаданың жеңімпаздары марапаттады.

–   Облыстық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне өңіріміздің жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын жыл сайын тапсыру дәстүрге айналған. Биыл Торайғыров университеті – 15 грант, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 10 грант бөлді, – деді басқармада.

Олимпиада 6-8 қаңтар аралығында № 35 ЖОББМ базасында өтті. Облыстық кезеңге 15 жалпы білім беретін пәндер кірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың ең көп саны Қазақстан тарихы, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша тіркелген.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 1 орынға – 50, 2-орын иегерлері – 95, 3 – орынға ие болған – 202 оқушы.

«Ең жас қатысушы» номинациясы бойынша Павлодар қаласы №38 жалпы орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушысы Имран Құсанов марапатталды.

Облыстық олимпиада қорытындысы бойынша ауылдық мектептер арасында жоғары көрсеткіштері үшін «Ең үздік аудандық команда» номинациясымен Шарбақты ауданының командасы марапатталды. «Ең үздік қалалық команда» номинациясы бойынша Павлодар қаласының құрама командасы марапатталды.

Жаратылыстану-математикалық бағытында мамандандырылған мектептер арасында жоғары нәтиже көрсеткен үшін «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломымен дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Жас дарын» лицей-мектебінің командасы марапатталды. ІІ дәрежелі дипломға дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының командасы ие болды. І дәрежелі дипломымен – дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің командасы марапатталды.

Қоғамдық-гуманитарлық цикл бағытында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер арасында жоғары көрсеткіштері үшін «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша III дәрежелі дипломмен дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының құрама командасы марапатталды. II дәрежелі дипломға облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының құрама командасы ие болды. I дәрежелі дипломды дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның құрама командасы иеленді.

Айта кетейік, өңіріміздің олимпиадалық құрамасы республикалық олимпиадада әрқашан алдыңғы қатардан көрінуде. Ал, «Үздік олимпиадалық команда» атағы бірнеше жыл бойы беріліп келеді.