Павлодар полициясы «Форма астындағы жүрек» бейнебаянын ұсынды

Павлодар полициясы «Форма астындағы жүрек» бейнебаянын ұсынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен адами қырын көрсетуге арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті Александр Кармазьдың «Форма астындағы жүрек» әніне түсірілген жаңа бейнежобаны көпшілік назарына ұсынды.

Авторлардың айтуынша, музыкалық туынды полиция қызметкерлерінің жұмысына басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Бейнебаян құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті өміріндегі жауапкершілік пен күрделі шешімдердің артында қарапайым адамның тағдыры мен сезімі тұрғанын көрсетуге бағытталған.

– Бұл жоба әрбір полиция қызметкерінің формасының астында антына адал, Отанын және отбасын сүйетін адамның жүрегі соғып тұрғанын жеткізуге арналған, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бейнебаянның түсіріліміне Павлодар гарнизонында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері қатысқан. Жоба авторларының пікірінше, бұл туындының шынайылығын арттырған.

Музыкалық бейнероликте тәртіп сақшыларының күнделікті қызметі, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі және мамандықтың адам өміріне әсер ететін тұстары көрсетілген.

Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жоба қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.

– Қатаң тәртіп пен кәсіби талаптардың артында әрдайым адам тағдыры мен сезімі тұрады. Біз осыны көрерменге жеткізуді мақсат еттік, – дейді жоба ұйымдастырушылары.

Бейнебаян облыстық полиция департаментінің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Организация (@dp_pavlodar)