Павлодар облысында бір жылда 10 мыңнан астам адам МӘМС жүйесіне қосылды

Павлодар облысында бір жылда 10 мыңнан астам адам МӘМС жүйесіне қосылды
Фото: pexels.com

Бүгінде жалпы 630 мыңнан астам адам сақтандырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Облыста 2024  жылдың басында 133 179 адам сақтандырылмаған болса, қазіргі жағдайда олардың саны – 121 577. Яғни, 11 ай ішінде МӘМС жүйесіне 11 602 адам қосылды. 

– Өңірде 390 мың азаматтың жарналарын мемлекет төлейді. Бұл – 15 жеңілдік санаттағы адамдардың саны. Ал қалған 240 мың адам – қызметкерлер, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және де басқа да экономикалық белсенді тұрғындар болып есептеледі, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ-ның облыс бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов.

Павлодар облысы 20 өңірдің рейтингі бойынша сақтандырылған тұрғындар саны бойынша алтыншы орында тұр. 

– Денсаулық сақтауды қаржыландырудың едәуір ұлғаюына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігі артуы байқалады. Жыл сайын емхана деңгейінде консультациялар мен диагностикалық қызметтер саны артып келеді. 2023 жылы Павлодар облысының денсаулық сақтауды қаржыландыру 93,5 миллиард болса, 2024 жылы 101 миллиардты құрап отыр, – деді Жангелді Шайымбетов.

Соның ішінде шығындардың басым көпшілігі стационарлық медициналық көмекке жұмсалады – 24,4 миллиард теңге. Жыл басынан МӘМС жүйесі бойынша республикалық бюджетке 37,9 миллиард теңге, ал облыстық бюджетке 101 миллиард теңге аударылды.