Келмесе де келді: Павлодарлықтар жалған ақпарат жайлы қайда жүгіне алады?
Арнайы мониторингтік бөлім медициналық ұйымдардың бұзушылықтарын тексеруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ облыс бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов мәлім етті.
– Науқастармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде медициналық жазбаларда сәйкессіздіктер, басқаша айтқанда, «расталмаған жағдайлар» анықталады. Яғни, жеке медициналық ұйымдар науқас қабылдауға келмесе де оны Damumed қосымшасында келді деп жалған жазбаны қалдырады. Былтыр осындай 788 факт тіркелді, –деді спикер.
Оның сөзінше, жүйедегі ақауларды арнайы мониторингтік бөлімнің мамандары анықтайды. Тұрғындар жалған қабылдаудан өтті деп әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласып, айтып отырады.
– Жылдан-жылға өтініштер келіп түседі. Бұл адамдардың қаншалықты хабардар болуына байланысты, – деді Жангелді Шайымбетов.
Тұрғындар медициналық құжаттарында «расталмаған жағдайлар» фактілерін анықтаған жағдайда қордың медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшаларында кері байланысында қалдыра алады. Медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1414 қысқа нөмірі немесе әлеуметтік желілер арқылы хабарласуға болады. Басқа да сұрақтар туындаған жағдайда қор филиалы басшысының WhatsApp желісіне 8 (707) 559-46-50 немесе 70-41-23, 70-41-24 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.