Павлодар облысында бірінші сатыдағы соттар жаңа ғимаратқа көшті
Үш қабатты ғимараттың алаңы – 8,5 мың шаршы метр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа ғимаратта қалалық және Павлодар қаласының төрт мамандандырылған соты – қылмыстық, әкімшілік, тергеу және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар (бұрын жалға алынған ғимараттарда орналасқан) орналасқан. Сот отырысы өтетін кең залдар, фронт-кеңсе, сондай-ақ медиаторлар, билер, психолог, адам құқықтары жөніндегі уәкілге арналған кабинеттер бар. Заманауи ауаны баптау және қауіпсіздік жүйелері жұмыс істейді.
Жаңа ғимаратты салтанатты түрде ашқан Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Президенттің жаңа, әділетті Қазақстанды құру туралы идеясының маңыздылығын және алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қоғамның барлық саласының назарын аударғанын атап өтті.
Іс-шараға сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, облыс судьялары, сот жүйесінің ардагерлері және қала тұрғындары қатысты. Асламбек Мерғалиев бірегей жәдігерді, яғни 1869 жылғы сот саласы билерінің төсбелгісін сыйға тартты. Мұндай белгілер мемлекеттік билік пен сот төрелігі мәселелерінде ерекше орны бар Төле, Қазыбек және Әйтеке билерде де болған.
А.Мерғалиев пен Н.Ахметзакиров облыстың сот корпусымен кездесті. Кеңесте облыстық сот алқаларының төрағалары Мұрат Солтыбаев, Серік Төлегенов және Мәди Рысбеков, сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Бақытжан Қараманов атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді.
Жоғарғы Сот төрағасы сот жүйесін жаңғырту аясындағы қадамдар туралы айта отырып, салаға ең кәсіби мықты мамандарды тарту үшін кадрлық және материалдық-техникалық әлеуетін нығайту аспектілері, сондай-ақ адам құқықтары мен соттардың тәуелсіздігін қорғау жүйесі, судьялар мен қызметкерлердің әлеуметтік пакетін жақсарту жөнінде айтып өтті. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын қамтамасыз ету, нөлдік төзімділік таныту және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерін табанды түрде жою қажеттігіне назар аударылды.
Соңында Жоғарғы сот төрағасы облыстық соттың отставкадағы судьялары Майра Бикиева мен Ақылжан Тұрсынбековті «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттады.