Павлодарлық психолог: Жасанды интеллект кесірінен балалар пікір айтудан қашқақтайды

@Pavlodarnews.kz тілшісі маманмен тілдесіп, жасанды интеллекттің пайдасы мен зиянын түсінуге тырысты.
Цифрлық ғасыр – жаңа мүмкіндіктер заманы. Жасанды интеллект өмірімізге күн сайын терең еніп келеді. Мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін түрлі боттармен сөйлесіп, тапсырмаларын жылдам орындап, кеңес алып үйреніп қалды. Павлодарлық психологтың сараптамалық пікірлеріне сүйенсек, бұл мәселе қазіргі қоғамның басты алаңдаушылықтарының бірі болып отыр. Жасанды интеллектпен жиі сөйлесетін, тапсырмаларын орындауды тапсырған, кез келген сұраққа дайын жауап іздейтін жасөспірімдер арасында тәуелділікке ұқсас мінез-құлықтар байқала бастаған.
– Жасөспірім үшін жасанды интеллектті ыңғайлы әңгімелесуші: сөкпейді, уақытыңды алмайды, үнемі дайын. Әсіресе, өз ортасында түсініспеушілік, жалғыздық, қысым сезінетін балалар виртуалды қарым-қатынасқа көбірек үйір болады. Бірақ дәл осы ыңғайлылық ұзақ мерзімде үлкен психологиялық мәселеге айналуы мүмкін, – дейді Metapsychology халықаралық психология және даму орталығының негізін қалаушы және директоры, психология магистрі Марина Фисун.
Психологтың айтуынша, жасанды интеллект көмегімен оқушылар шығармаларын жазып, эссе құрастырып, математика есептерін шешіп үйреніп қалды. Бұл бастапқыда ыңғайлы көрінгенімен, баланың жүйелі ойлау, талдау, дербес шешім қабылдау қабілеттерін әлсіретуі мүмкін.
– Бізге келетін кей жасөспірімдер тіпті қарапайым пікір айтудан, талқылаудан қашқақтайды. Себебі олар дайын ойға, сырттан келген жауапқа бейімделіп қалған, – дейді маман.
Психотерапевт тәжірибесінде кездесетін тағы бір құбылыс – авторитетті алмастыру. Бұл кезде бала өз шешіміне сенбейді, тіпті жеке пікіріне күмән келтіреді. Мысалы, егер ChatGPT көк түс сізге жарасады десе, ал балаға ол ұнамаса да, сол түсті таңдайды. Бұл – сенімсіздік пен өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне апаратын жол.
– Денсаулығы жақсы, психикасы орнықты адам мұндай кеңесті сүзгіден өткізе алады. Ал жасөспірімдер мен балаларға бұл қиын. Себебі олардың психологиялық шекарасы әлі қалыптаспаған, – дейді психолог.
Психологтың айтуынша, жасанды интеллектпен тым жақын араласу шынайы адамдардан алшақтау, әлеуметтік ортаға сенімсіздік, мазасыздық және жабықтық, виртуалды шындыққа сүңгіп кету сияқты белгілердің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Бұл белгілер қазіргі таңда жаңа заманның психикалық бұзылыстары ретінде қарастырылып жатыр.
– Біз тіпті кей жасөспірімдерде жасанды интеллект мені аңдып жүр деген параноидтық ойлармен бетпе-бет келдік. Бұл – қауіпті симптом, – дейді Марина Фисун.
Жасанды интеллект пайдалы болуы мүмкін, егер оны шектеулі, мақсатты түрде пайдаланса. Идея генерациялау, ақпаратты өңдеу, жоспар құруда ЖИ үлкен көмекші. Бірақ ол психологиялық шешімдерді қабылдауға, тірі қарым-қатынастың орнына, эмоциялық қолдау орнына жарамсыз.
Психологтар, ата-аналар және ұстаздар үшін ең маңыздысы – баланың жасанды интеллект деген қарым-қатынасын қадағалау. Яғни, техника – құрал ғана екенін түсіндіріп, тірі қарым-қатынас, шынайы тәжірибе, ойлау мен қателесу арқылы дамуды қолдау қажет.
– Егер балалар тек жасанды интеллектпен «дос» болып өссе, болашақта аутизмге ұқсас белгілердің көбеюі мүмкін. Бұл – біздің қоғам үшін шынайы қауіп, – дейді сарапшы.
Жасанды интеллект – от немесе пышақ секілді. Дұрыс қолдансаң – пайда, дұрыс пайдаланбасаң – зардап. Әсіресе жасөспірімдер үшін бұл құралды саналы түрде пайдалануды үйрету – ата-ананың, мектептің, қоғамның ортақ міндеті.