Павлодар облысында дезинсекция маусымы аяқталды: тиімділік 90 пайызға жетті

Павлодар облысында дезинсекция маусымы аяқталды: тиімділік 90 пайызға жетті
Фото: Валерий Бугаев

Жұмыстар облыстың барлық аудандарында бөлінген 10 ұшақтың қатысуымен жүргізілді , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы негізгі дезинсекциялық іс-шаралар Павлодар облысында толығымен аяқталды. Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов салалық басқарма және ғылыми топ өкілдерімен бірге қан сорғыш жәндіктерге қарсы күрес нәтижелерін талқылады.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, биылғы өңдеу тиімділігі 90 пайызды құрап, өткен жылғы көрсеткіштен (84,1 пайыз) асып түсті.

29 сәуір мен 31 мамыр аралығында барлығы 448 авиаұшу орындалып, шамамен 172 мың гектар жайылма аумақ өңделді. Оның ішінде: 293 рет – биологиялық препараттармен, 155 рет – химиялық құралдармен жүргізілді. Жұмыстар аймақтың барлық аудандарында бөлінген 10 ұшақтың қатысуымен жүргізілді. Сонымен қатар, қиын қолжетімді аумақтарда бүріккіштермен қолмен өңдеу әдістері қолданылды.

Іс-шаралардың табысты өтуіне әсер еткен маңызды факторлардың бірі – тұрақты су тасқыны жағдайы болды. Жоспарланған 5,77 км³ судың орнына 6,3 км³ су жайылма алқаптарға жіберілді.

13 мамыр мен 5 маусым аралығында өзен-көлдерде үш кезеңнен тұратын биологиялық өңдеу жүргізілді. Бұл жұмыстарда 300 мың литрден астам биопрепарат қолданылып, өңдеу тиімділігі 84,4 пайызды құрады. 8 мамырдан бастап Павлодар қаласы мен Ертістің сол жағалауында барьерлік дезинсекция басталды. Аудан орталықтарында бұл жұмыс 12 мамырдан басталып, 66 жағалаудағы елді мекенді қамтыды.

Биыл алғаш рет жағалау өңдеуі қайықтар арқылы жүзеге асырылды. Жұмыс барысында түтін генераторлары, заманауи жабдықтар пайдаланылып, әр ауданда кемінде 25 дезинсектордан тұратын мобильді бригадалар тартылды.

Дезинсекция тиімділігін халықтың шағымдарының азаюы да растайды. Шағымдар саны: 2022 жылы –  1 317, 2023 жылы –  151, 2024 жылы –  83, 2025 жылы –  бар болғаны 46.

– Биыл дезинсекциялық шаралардың тиімділігі айтарлықтай артты. Халық тарапынан дерлік шағым болмады деп айтуға болады. Бұл – мұқият және тиянақты жұмыстың айқын көрінісі, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.

Қол жеткізілген нәтижелерді ескере отырып, алдағы үш жылда әуеден өңдеу көлемін 172 мың гектар деңгейінде сақтау жоспарлануда.

Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын төмендетпеуді, келесі маусымға дайындықты қазірден бастау туралы нақты тапсырмалар берді.