Павлодар облысында егін орағы биыл ертерек басталуы мүмкін
Өңірде егін жинау науқанына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауа райының ыстық болуына байланысты биыл дәнді дақылдардың пісуі жеделдеді. Сондықтан жекелеген ерте егілген алқаптарда алғашқы сынақтық орып бастыру жұмыстары жүргізіліп үлгерді.
Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 837,3 мың гектар дәнді дақылды, 570,9 мың гектар майлы дақылды, 263,9 мың гектар мал азықтық дақылды және 30,7 мың гектар картопты жинауы тиіс. Жалпы егіс алқабы 1,712 миллион гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 52 мың гектарға көп.
Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мұрсалимовтің айтуынша, әзірге өнімділік бойынша нақты болжам айтуға ерте. Ыстық ауа райы дәнді дақылдардың пісуін жеделдеткенімен, жауын-шашын әр ауданда әркелкі түскен. Сондықтан егістіктің жағдайына түпкілікті баға алқаптарды егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін беріледі.
Соған қарамастан, егін жинау науқанына дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы техникалары тексеріліп, астық қоймалары дайындалуда, сондай-ақ қажетті жанар-жағармай қоры қамтамасыз етіліп жатыр.
Егін жинау науқанын өткізу үшін өңірде екі мыңға жуық астық жинайтын комбайн, бір мыңнан астам жатка және 100-ден астам жемшөп жинайтын агрегат жұмылдырылмақ. Жиналған өнімді тасымалдауға шамамен 2,7 мың жүк көлігі мен 6,5 мың тіркеме тартылмақ.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету де маңызды мәселе болып отыр. Облысқа күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 31,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның 12,2 мың тоннасы тамыз айына, 5,6 мың тоннасы қыркүйекке, 4,6 мың тоннасы қазан айына қарастырылған.
Болашақ өнімді сақтауға арналған қуаттар да дайындалған. Өңірде жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тонна болатын алты элеватор, сондай-ақ тағы 912 мың тонна астық сақтауға арналған 263 қойма жұмыс істейді.
Сонымен қатар, машина-трактор паркінің жаңаруы жалғасуда. Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Павлодар облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне жалпы сомасы 26,2 миллиард теңгеге 276 несие берілген. Осы қаражатқа 660 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Қазір аграршылар дала жұмыстарының ең қызу кезеңін күтіп отыр. Комбайндардың жаппай алқапқа шығатын нақты мерзімі ең алдымен дақылдардың пісу қарқыны мен ауа райына байланысты болады.
Егер ыстық ауа райы сақталса, өңірде егін орағы тамыз айының үшінші онкүндігінде басталуы мүмкін.