Павлодарда түрмеге келген сәлемдемеден есірткі табылды

Павлодарда түрмеге келген сәлемдемеден есірткі табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол пошта арқылы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәлімдеді.

– Департаменттің  №46 мекемесіне есірткі затын жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Құқық қорғау органының қызметкерлері сотталғандардың біріне тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің алдын алды. Келген сәлемдемені тексеру барысында тіс пастасының ішінен ашық сары түсті ұнтақ тәрізді зат салынған полиэтилен пакет анықталды, – делінген хабарламада.

Жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат синтетикалық есірткі – альфа-PVP болып шықты. Оның салмағы 0,7 грамды құрайды.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске сала кетейік, Павлодарда түрмеге телефон кіргізбек болғандардың әрекеті әшкере болған еді. Бұзушылық №63 мекемесінде сәлемдемені тексеру кезінде анықталған. Онда тыйым салынған құрылғыны нан өнімінің ішіне жасырып өткізбек болған.