Павлодар облысында ер адам түрмеге телефон өткізбек болды

Азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға Екібастұз қаласында болды. Қала тұрғыны сотталған азаматқа арналған азық-түлік сәлемдемесін алып келген. Тексеру кезінде палау салынған ыдыстың қос түбі бар екені белгілі болды. Оның ішінен ұялы телефон, сымды құлаққап және қуаттағыш табылды.
– Мекеме қызметкерлері заңсыз әрекетті дер кезінде тоқтатып, заттарды тәркіледі. Аталған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жолданды, – деді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде.
Мамандар азаматтардың режимдік нысандарға тыйым салынған заттарды өткізу үшін жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.