Павлодар облысында ерекше қорғалатын аумаққа заңсыз кіргендерге айыппұл салынады
Резерват қызметкерлері орман алқабын қорғау бойынша рейдтер жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» МОТР РММ мәліметінше, Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға екі әкімшілік ауданның табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері де қатысты.
– Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» аумағында заңсыз ағаш кесу фактілері анықталып, Аққулы және Шарбақты аудандық ішкі істер бөлімдерінде тергеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың өткен кезеңінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін бір тұлға әкімшілік жауапкершілікке, бес адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді резерватта.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, яғни «Ертіс орманы» резерваты аумағындағы ормандарды (ағаштар, қураған ағаш, өрттен зақымданған ағаштар, желден құлаған) заңсыз ағаш кескені үшін табиғат қорғау заңнамасына және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға заңсыз кіргені үшін ҚР заңнамасында 2 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза көзделеді. 100 АЕК-тен астам залал келтірілген жағдайда құқық бұзушыға қылмыстық жауапкершілікке тартылады.