Павлодар облысында игерілмеген жерлер қайта айналымға енгізілуде

Павлодар облысында игерілмеген жерлер қайта айналымға енгізілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде 940 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Президент Жолдауында 2026 жылдың ортасына дейін мемлекетке қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу міндеті қойылған болатын. Аймақта ауқымды талдау жүргізілді. 

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет меншігіне 940,6 мың гектар жер қайтарылған. Оның ішінде 605,6 мың гектары қайта бөлінсе, 7,3 мың гектар инвестициялық жобаларға резервке қойылған. Мәселен, қант зауыты сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру үшін 327,7 мың гектар жер қарастырылуда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар электрондық конкурс рәсімдерін күтпестен қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беруге құқылы. Сондай-ақ қоныс аударушыларға арналған учаскелер де анықталуда, – деді ол.

Сонымен бірге, халықтың жеке шаруашылығындағы малды жайылыммен қамтамасыз ету үшін қайтарылған жерлер есебінен арнайы резерв жасалуда. Тапшылық байқалатын өңірлерде бұл учаскелер ауыл әкімдерінің қарамағына беріледі. Осыған байланысты жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарларына өзгерістер енгізіліп жатыр.

– Мемлекет басшысы жерді бөлу туралы шешім цифрлық форматта, электрондық конкурстар негізінде қабылдануы тиіс екенін атап өтті. Жер учаскелерін цифрлық негізде беру 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қарастырылғанымен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған конкурстық рәсімдер биылғы жылдан бастап қолға алынбақ,– деді Мұрат Хамитов

Оның айтуынша, азаматтар бос жерлердің тізімін жергілікті атқарушы органдардың ресми сайтынан, сондай-ақ облыстық жер қатынастары басқармасының интернет-платформасынан көре алады. Конкурсқа шығарылатын учаскелердің саны, көлемі, орналасқан жері жөніндегі ақпарат сайтта, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады.

Мұрат Хамитовтың сөзінше, қайтарылған жерлердің барлығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарға тиесілі. Олар егістік, жайылым немесе шөп шабу үшін ғана беріледі. Ал жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелер елді мекен жерлерінен бөлінеді.