Павлодарда колонияға 8 телефон өткізбек болған азамат ұсталды

Ол тыйым салынған заттарды қамаудағы досына азық-түлік арқылы жеткізуге әрекеттенген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №45 мекемесінде заңсыз заттарды алып өту әрекетінің жолы кесілді.
Мекеме қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6679 әскери бөлімімен бірлескен тінту кезінде күдікті азаматтан бірнеше тыйым салынған заттарды тәркіледі. Аталған азамат қамаудағы досымен кездесуге келген кезде, колония аумағына 8 ұялы телефон мен Wi-Fi құрылғысын алып өтпек болған. Ол бұл заттарды азық-түлік арасына жасырып, беруге әрекеттенген.
ҚАЖ мекемесі қызметкерлері сотталғандармен кездесуге келетін туыстарымен үнемі профилактикалық әңгіме жүргізіп, қандай заттарды кіргізуге болмайтынын түсіндіреді. Сонымен қатар, сәлемдемелер мен бандерольдерді жіберу кезінде тыйым салынған заттар үшін жауапкершілік туралы жазбаша ескерту беріледі. Соған қарамастан, кейбір азаматтар түрлі айла-тәсілдерге барып, заңсыз әрекеттерге барады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, материал Павлодар қаласының әкімшілік сотына жіберілді.