Павлодар облысында IRONMAN жарысын өткізу ұсынылды

Павлодар облысында IRONMAN жарысын өткізу ұсынылды
ЖИ иллюстрациясы

Кәсіпкерлер туризмді дамытуға қатысты ұсыныстар айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының Туризм және қонақжайлылық салалық кеңесінің отырысында халықаралық деңгейдегі спорт жарыстарын ұйымдастыру, маусымдық кәсіппен айналысатын азаматтардың жұмысын жеңілдету және балаларды туристік сапарларға тасымалдау мәселелері талқыланды. Жиынға Палата директоры Айдос Шайхислам мен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Спорт пен бизнесті біріктіретін алаң

Өңірде IRONMAN сияқты спорттық іс-шараларды өткізу бастамасын «Leone D'Oro» ЖШС басқарушы директоры Фарида Абай көтерді. Оның пікірінше, мұндай жарыстарды жергілікті деңгеймен шектемей, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар тартуға болады.

Кәсіпкер халықаралық брендтің құқық иелерімен келіссөз жүргізіп, франшиза сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар спорттық шара аясында кәсіпкерлерге арналған кездесулер ұйымдастыруға болатынын айтты.

– Оған тек павлодарлық триатлоншылар ғана қатыспауы керек. Бүкіл Қазақстаннан спортшылар келуі тиіс. «IRONMAN» жарыстарына қатысуға ниеттілер өте көп. Сонымен қатар турнирге спикер ретінде бизнес ортада беделі жоғары танымал қазақстандық кәсіпкерлерді шақыруға болады. Осындай тұлғалардың қатысуымен пікірталас алаңын ұйымдастыруға мүмкіндік бар, – деді Фарида Абай.

Палата директоры Айдос Шайхислам өңірде триатлон жарыстарын ұйымдастыру тәжірибесі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылы Павлодардағы өзен вокзалы аумағында мемлекеттік қолдаусыз осындай жарыс өткізілген. Ол кәсіпкердің бастамасын оң бағалады.

Маусымдық кәсіпке қолайлы тәртіп қажет

«Саят-Павлодар» туристік фирмасы» ЖШС директоры Гүлмира Отарғалиева курорттық аймақтарда жұмыс істейтін шағын кәсіп иелерінің мәселесін қозғады. Киіз үй мен жағажай жабдықтарын жалға беру секілді қызметтер маусымға тәуелді болғанымен, кәсіпкерлерге тіркелу, есептілік тапсыру және бақылау-касса машиналарын ұстауға байланысты міндеттер жүктелетінін айтты.

Оның сөзінше, маусымдық жұмысқа байланысты жеке кәсіпкерлікті тіркеп, кейін қызметін тоқтату кәсіп иелеріне қосымша әуре туғызады. Осыған байланысты ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтуді ұсынды.

Атап айтқанда, киіз үйлер мен туристік жабдықтарды қысқа мерзімге жалға беру қызметін жеңілдетілген тәртіппен жүргізу, оны eGov порталы арқылы тіркеу және бақылау-касса машинасын міндетті түрде қолданбау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәселені зерделеу үшін назарға алды. Ұсыныстарды жоғары тұрған органдарға жолдап, кейін ресми түсініктеме беру көзделіп отыр.

Балаларды тасымалдауда қандай қиындық бар?

Балалардың облыс ішіндегі туристік сапарларын ұйымдастыру мәселесін «Атамекен Тур» ЖШС директоры Елена Цупенкова көтерді. Оның айтуынша, сапарларды келісу кезінде автобустарға қойылатын бірқатар талап жеке тасымалдаушыларды тартуды қиындатады.

Кәсіпкер көлік шанағының белгілі бір түсте болуы және арнайы үлгідегі жарқылдауық маяктар орнату жөніндегі талаптарға назар аударды.

Отырыста Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Әділ Ахмекенов балалар тобын тасымалдайтын автобустарға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, мұндай көліктердің алдыңғы және артқы жағында «Балалар» тану белгілері, сондай-ақ қызғылт сары түсті жарқылдауық маяктар болуы керек.

Инспектор магнитпен бекітілетін, оңай шешілетін маяк қолданылған жағдайда көліктің техникалық паспортына өзгеріс енгізу талап етілмейтінін түсіндірді. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға рұқсат беру кезінде міндетті техникалық байқаудың нәтижелері ескерілетінін жеткізді.

Жиында айтылған бастамалар әзірге ұсыныс деңгейінде. IRONMAN жарысын өткізу туралы нақты шешім немесе балаларды тасымалдау талаптарына өзгеріс енгізілгені жөнінде ақпарат берілген жоқ.

Еске сала кетейік, павлодарлық әуесқой триатлет Константин Ведмедь Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен IRONMAN 70.3 жарысында 45–49 жас санатында бесінші орын алып, Ниццадағы әлем чемпионатына жолдама иеленген. Сайысқа 50-ден астам елден мыңға жуық спортшы қатысқан. Бұған дейін ол АҚШ-тағы әйгілі «Алькатрастан қашу» триатлонында да бақ сынаған.