Павлодарлық спортшы IRONMAN 70.3 әлем чемпионатына жолдама алды
Әуесқой триатлет Константин Ведмедь биыл Ниццада өтетін жарыста бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шри-Ланканың Коломбо қаласында павлодарлық спортшы 45–49 жас санатында бесінші орынға ие болды. Ол 90 шақырымдық велокезеңді еңсеріп, жартылай марафон қашықтығын жүгіріп өтті. Танымал IRONMAN 70.3 жарысына 50-ден астам елден мыңға жуық спортшы қатысты.
Спортшының айтуынша, жарыс климатқа байланысты оңай болмады: ыстық пен жоғары ылғалдылық жағдайды күрделендірді. Сонымен қатар, акваторияда қолтырауындар байқалғандықтан, ұйымдастырушылар жүзу кезеңін алып тастады.
– Дайындығым 80–85 пайыз болды, 100 пайызға шығу мүмкін болмады. Қыста жаттығу қиынырақ, себебі аязды күндер көп болды. Велосипед жарысына арнайы станокта жаттықтым, ал жүзу дайындығын бассейнде өткіздім. Кейбіреулер жылы елдерге барып дайындалады, ал бізде климат өзгеше, – деді триатлет.

Спортшының айтуынша, ең қиыны жарыс емес, жол мен жергілікті климатқа бейімделу.
– Ұшақпен жол ұзақ болды: Павлодардан Астанаға көлікпен, кейін Алматыға ұштым. Сосын Шарджаға, әрі қарай Коломбоға жол тарттым. Үш әуе рейсі қатарынан болды. Велосипед жүгі діттеген орынға жетті, бірақ чемоданым жоғалып кетті. Оның ішінде велотуфли, спорттық аяқ киім мен тамақтану құралдары болды. Екі күнде бәрін қайта жинау немесе сатып алу мүмкін емес еді. Әрине, көңілім түсті. Десе де, чемоданым кейін табылып, сабама түстім, – деп еске алды Константин.
Ұзақ жол мен климаттың өзгеруі спортшының денсаулығына әсер етіп, ол жарыстан бас тартуды да ойлады. Бірақ жарысалдында өзін жақсы сезініп, күшін сынап көруге шешім қабылдаған.
– Веложарыс қала көшелерімен өтті, айналымдар көп болды. Жүгіру кезінде қиындау болды, себебі ауа райы тым ылғал. Тамақтануды нақты жоспарладым, бұл нәтижеге жетуге көмектесті, – деді спортшы.

Константин Ведмедь бесінші орынға ие болды, төртінші орыннан небәрі бір минутқа, үшінші орыннан үш минутқа ғана қалып қойды. Дәл осы жүлдегерлер Ниццада өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
– Марапаттау кезінде менің атымды атағанда бойымды қуаныш пен бақыт сезімі кернеді. Жарыста жас триатлеттер жұбын кездестірдім. Фёдор есімді жігіт Павлодар тумасы болып шықты. Спорт триатлеттер, велошабандоздар мен туристерді біріктіретіні қуантады. Ол менің жарыс кезінде және спорттық қалашықта киген қазақы тақиямды ұнатып қалды, – дейді павлодарлық.
Алда спортшыны әлемдік додаға дайындық күтіп тұр. Бұл жарысқа әлемнің ең мықты атлеттері жиналады. Олардың арасында павлодарлықтар да бар. Олардың бірі өткен жылы Гоада өткен IRONMAN кезеңінде жолдама алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Константин Ведмедь АҚШ-тың Калифорниясында өткен әйгілі «Алькатрастан қашу» жарысына қатысқан. Ол бұл триатлон бәсекесіне қатысу үшін лотерея жеңіп алып, әлемнің мыңдаған спортшыларымен бірге Сан-Францисконың асау толқындарын бағындырды.