Павлодар облысында күзгі аңшылық маусымы басталды
Аңшыларға рұқсат етілген мерзімдер мен аң аулауға тыйым салынған аумақтар белгіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар аңшылар мен балықшылар қоғамының мәліметінше, 29 тамыздан бастап өңірде күзгі аңшылық маусымы ашылды. Қаз, үйрек және қасқалдақты 30 қарашаға дейін аулауға рұқсат етіледі.
Шілге аулау маусымы 5 қыркүйекте, құр аулау 15 қыркүйекте басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады. Борсықты 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін, ал елікті 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін аулауға болады.
1 қазанға дейін әр аптаның сәрсенбісі аң аулауға тыйым салынған күн болып белгіленген.
Аң аулауға «Қызыл-Тау» мемлекеттік қаумалы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік кешенді қаумалы, облыстың аңшылық алқаптарының резервтік қоры және Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың санитарлық аймағында тыйым салынады.
Сондай-ақ егін жинау аяқталғанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жерлерде, жануарларды өсімін молайту учаскелерінде және қоныс аударатын құстардың демалу орындарынан бір шақырым радиуста аң аулауға болмайды.
Маусымдық жолдама құны – 16 мың, бір реттік жолдама – 8 мың теңге. Борсық аулауға жолдама 8 мың теңге, ал елікке лицензия 60 мың теңге тұрады. Бұл сомаларға ауланатын құс пен аңның құны кірмейді.
Аңшылық маркаларының құны: үйрекке – 90, қасқалдақ пен шілгеге – 45, қазға – 195, құрға – 240, борсыққа – 865 теңге.