Павлодар облысында көмірдің бағасы шамалы ғана өсті
Биылғы жылыту маусымына көмірмен 73 пайызға қамтылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынова мәлім етті.
– Өңір бойынша коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жалпы қажеттілігі – 592 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік ұйымдар үшін – 129 мың тонна, орталықтандырылған қазандықтар үшін – 73,7 мың тонна, ал халық қажеттілігі үшін 390 мың тоннаны құрайды, – деді спикер.
Бүгінде 433 ,7 мың тоннасы жеткізілді, яғни 73 пайызы әкелінді. Облыста бес ірі көмір өндіруші компания орналасқан: «Богатырь-Көмір» ЖШС, «Майкубен-Вест» АҚ, «Қайнама-Көмір» ЖШС, «Гамма Сарыкөл» ЖШС және «Гамма Талдыкөл» ЖШС.
– Халық арасында сұраныс негізінен «Майкубен-Вест» АҚ компаниясының қоңыр көмірі пайдаланылады. Сондай-ақ, тұрғындар «Қаражыра» және «Шұбаркөл» маркалы тас көмірді жиі сатып алады, – деп атап өтті Күлбаршын Арынова. – Көмірдің бағасы былтырғыға қарағанда аса қатты қымбаттады деп айта алмаймын. Бағаның өсуі ауданның жол қашықтығына да байланысты болады.
Оның сөзінше, Павлодарда «Майкубен-Вест» АҚ көмірі – 12,5-13 мың теңге, «Шұбаркөл» көмірі – 23-23,5 мың теңге, «Қаражыра» 14 700 мың теңге тұрады. Былтырғы бағалармен салыстырғанда бір-екі мың теңгеге өскен.
Айта кетейік, Павлодар облысының әкімдігі, көмір разрездері мен темір жол тұйықтары арасында жылыту маусымының соңына дейін бағаны ұстап тұру бойынша меморандумға қол қойған болатын. Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарын көмірмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Өткен жылыту маусымында вагондардың тапшылығы жылыту маусымында негізгі қауіпті фактор болғанын атап өту қажет. Осындай тәуекелдерді болдырмау үшін ағымдағы жылыту маусымында темір жол паркі 25 мың жартылай вагонға дейін ұлғайтылды, – деді спикер.
Басқарма әлеуметтік желілер арқылы көмірді алдын ала сатып алу қажеттілігі бойынша халықпен ақпараттық жұмыс жүргізуде.