Павлодарда сатушы тұрғынға өлшемі келмеген күртешенің ақшасын қайтарғысы келмеген
Тұтынушының құқығы департаменттің көмегімен қорғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 90 мың теңгеге күртеше сатып алған тұрғын жүгінді. Ол үйге келген бетте күртешенің өлшемі жағынан сәйкес келмейтінін түсініп, 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды қайтарғысы келген. Алайда сатушы оны айырбастау немесе қайтарудан бас тартты. Департамент тұтынушыға сотқа дейінгі шағымды дайындауда құқықтық көмек көрсетті. Нәтижесінде оған ақша қайтарылды.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушы азық-түлікке жатпайтын тауарды алған кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды басқа өлшемдегі, пішіндегі, түстегі, не болмаса тараптардың келісімімен басқа тауарға айырбастауға құқылы, – деді департаментте.
Айырбастау осы заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі. Егер сатушы күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және тауардың кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы департаментке жүгінуге құқылы. Департаментке жедел желі арқылы 55-10-70 нөмірге хабарласуға не болмаса Ген. Дюсенов көшесі, 9 мекенжайындағы 304 кабинетке барып, кеңес алуға болады.